Жүктеу (pdf)

«Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына ТҰЖЫРЫМДАМА

Статус:
НҚА түрі: Тұжырымдама
Қоғамдық талқылаудың мерзімі: dd/MM/yy

    1. Тұжырымдама атауы

    «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасына ТҰЖЫРЫМДАМА 


     

    2. Заң жобасының атауы

    «Пробация туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы).


     

    3. Заң жобасын әзірлеу қажеттілігінің негіздемесі

         Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия отырысында мақұлданған (2016 жылғы 15 наурыздағы № 20-5/И-6 хаттама) 100 нақты қадам - Ұлт жоспарының қадамдарын практикалық іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарымен                     33- қадамын іске асыру бөлігінде заң жобасын әзірлеу көзделген. 

              Алғаш рет «пробация» ұғымы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне пробация қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы             15 ақпандағы заңымен (бұдан әрі - Заң) ұлттық заңнамаға енгізілген болатын.

    Осы Заңмен Қазақстанда пенитенциарлық жүйенің қылмыстық-атқару инспекциялары құрылымына шартты-үкімдік пробация енгізілген, бұл шартты сотталғандардың мінез-құлқын бақылаумен қатар оларға әлеуметтік-құқықтық көмек алуға жәрдем көрсетеді.

    Практика көрсеткендей осы институтты енгізу шартты сотталғандардың жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасауын елеулі қысқартуға мүмкіндік берді (2013ж. - 200; 2014ж. - 154; 2015ж. - 70).

    Оң тәжірибені ескере отырып Қазақстанда пробацияны одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда. Қазақстан Республикасының жаңа Қылмыстық және Қылмыстық-атқару кодекстерімен шартты-үкімдік пробацияның функциялары кеңейтілді және енді пробациялық бақылау тек шартты сотталғандарға емес, сондай-ақ бостандықтарын шектеуге сотталғандарға қатысты да жүзеге асырылады.

    Сондай-ақ, постпенитенциарлық пробация енгізілді, бұл шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға пробациялық бақылауды белгілеуді, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған кезде әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек алуға жәрдем көрсетуді қарастырады. Бұдан басқа, қылмыстық-атқару инспекциялары пробация қызметіне қайта құрылды.

    Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстанда пробацияның үкімдік және постпенитенциарлық  екі моделі бар Пробация қызметі жұмыс істейді.

    Сонымен бірге,  халықаралық тәжірибе көрсеткендей, пробация қызметінің оңтайлы нұсқасы төрт модельден тұрады, атап айтқанда:

    1. Сотқа дейінгі пробация – айыпталушының жеке басы туралы арнайы қорытындыны және жазаның түрі мен мерзімдері, сынақ мерзімі және міндеттерді таңдау туралы ұсынымдарды сотқа ұсынумен күдіктіні, айыпталушыны сотқа дейін сүйемелдеу, сондай-ақ тараптар келіскен жағдайда медиациялық рәсімдерді жүзеге асыру;
    2. Үкімдік пробация – бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды және бас бостандығынан айыруға балама қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау, сондай-ақ сот үкімімен пробациялық бақылау тағайындалған адамдарға қатысты пробациялық бақылауды жүзеге асыру;
    3.  Пенитенциарлық пробация – бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталғандарға босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімделуде көмек көрсету;

    4. Постпенитенциарлық пробация – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға пробациялық бақылауды жүзеге асыру.

    Еліміздің қылмыстық саясатын одан әрі ізгілендіру, оның ішінде кінәлілерге қайта әлеуметтендіру ықпалын сапалы арттыру жолымен оны әлемдік стандарттарға жақындату мақсатында сотқа дейінгі және пенитенциарлық пробацияны енгізуді қажет деп санаймыз.

     Осылайша, сотқа дейінгі пробацияны енгізу:

    1) кінәлінің жеке басын жан-жақты кәсіби зерделеу негізінде жаза шарасын таңдау кезінде анағұрлым салмақты, ұтымды шешім қабылдауға; 

    2) сотқа кінәліге қатысты сол немесе жазаның өзге де түрі мен мөлшерін не өзге қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасын қабылдаудың мақсатқа сайлығы туралы дәлелді ұсыныс енгізуге мүмкіндік береді.   

              Жоғарыда көрсетілген аспектілер консультациялық сипатта және пробация қызметі қылмыстық қудалау органы мен сотқа ұсынатын сотқа дейінгі баяндамада көрінетін болады, онда:

               1) күдікті, айыпталушы, сотталушы туралы яғни оның өмірбаянын, отбасы, әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, жұмыс орнынан, көршілерден  мінездемелер, жеке мәліметтер түйіндемесін сипаттаудан тұратын жеке мәліметтер;

               2) пробация клиентінің психологиялық портретін сипаттайтын психологтың анықтама-қорытындысы;

              3) қайта қылмыстық құқық бұзушылықтар жасау тәуекелдерін бағалау;

              4) қылмыстық жазаның түрі мен мөлшерін және/немесе өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасын қолдану туралы ұсынымдар жазылатын болады.

              Бұл ретте, сотқа дейінгі пробацияны белгілі санаттағы адамдарға қатысты жүзеге асыру ұсынылады.

              Пенитенциарлық пробацияны енгізу бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеп жатқан сотталғандарды бостандыққа шығуға дайындығын анағұрлым сапалы деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.             Пробация қызметіне мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, жұртшылықпен бірлесіп сотталғандарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғанға дейін:                1) болашақ тұрғылықты жерін белгілеуге;

              2) қажет болған жағдайда мамандандырылған әлеуметтік мемлекеттік мекемелерге құжаттар рәсімдеуді іріктеуге;

              3) қажет болған жағдайда адамдардың денсаулық сақтау мекемелеріне жатқызу үшін құжаттарды іріктеу және ресімдеуге;

              4) жұмысқа орналасу үшін орындарды таңдауға, дайындауға;

              5) мүгедектікті қажет болған жағдайда ресімдеу;

              6) жеке басын куәландыратын қажетті құжаттарды ресімдеуге;

               7) тұлғааралық отбасы байланыстарын нығайтуға жәрдемдесу ұсынылады.

              Ол үшін бас бостандығын айыру жазасын өтеп жатқан сотталғанды әлеуметтік бейімдеудің арнайы жеке бағдарламасы әзірленуде, онда қоғамда  оң бейімделуіне себеп болатын қажетті әлеуметтік-құқықтық көмектің барлық кешені көзделуі тиіс.  

               Пенитенциарлық пробация қызметі мемлекетік органдармен, ұйымдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, жұртшылықпен тығыз өзара іс-қимылмен жүзеге асырылады және сотталғандарға олардың қайта әлеуметтенуіне жәрдем көрсетуіне бағытталатын болады.

    Сондай-ақ, заң жобасында пробация қызметінің жұмысын, оның функциясын, өкілеттіктерін, волонтерлар өкілеттіктерін ұйымдастыруды, мемлекетік органдармен, ұйымдармен, жұртшылықпен және өзге де жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл мәселелерін бекітетін ережелер көзделетін болады.


     

    4. Заң жобасын қабылдаудың мақсаттары

    Қылмыстық сот төрелігінің қайта әлеуметтендіру әлеуетін сапалы кеңейту, қылмыстық саясатты одан әрі ізгілендіру. 


     

    5. Заң жобасын реттеу нысанасы

    Пробация қызметінің іс-әрекеті саласында пробация органдарының мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттарын, пробацияның түрлерін, сондай-ақ, құрылымын, құзыреттілігін, функцияларын, пробация органдары персоналдарының құқықтық мәртебесін және пробация субъектілерін анықтау жолымен қоғамдық қатынастарды реттеу. 


     

    6. Заң жобасының құрылымы

    Заң жобасы екі бөліктен тұрады:

    1) Негізгі ережелер;

    2) Пробация қызметін ұйымдастыру.


     

    7. Заң жобасы қабылданған жағдайда болжанатын құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарлар

    Заң жобасын қабылдау:

    - жалпы қылмыстылық деңгейін төмендетуге;

    - кінәлілерге қайта әлеуметтендіру әсерін елеулі түрде күшейту;

    - қылмыстық құқық бұзушылықтың қайталануын айтарлықтай төмендетуге;

    - түрмедегі адамдардың санын азайтуға;

    - қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандарды ұстауға мемлекеттің бюджет қаражаты шығынын азайту және жалпы қылмыстық іс жүргізуді айтарлықтай арзандатуға;  

    - еліміздің қылмыстық және қылмыстық-атқару заңнамасын халықаралық стандарттарға жақындатуға;

    - қылмыстық саясатты ізгілендіруді жалғастыруға мүмкіндік береді.


     

    8. Басқа заңнамалық актілерді әзірленіп жатқан заң жобасына бір уақытта (кейіннен) сәйкес келтіру қажеттілігі

    Заң жобасын қабылдаумен басқа да заңнама актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Әсіресе, Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне, «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы», «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы», «Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкімшілік қадағалау туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңдарына түзетулер енгізу талап етіледі. 


     

    9. Заң жобасы нысанасының өзге де нормативтік құқықтық актілермен регламенттелуі

    Ішінара Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексімен.


     

    10. Қаралып отырған мәселе бойынша шетелдік тәжірибенің болуы

    Қазіргі заманғы пробация әлемнің құқықтық картасының барлық бөліктеріне таралған. XIX ғасырдың бірінші жартысында ағылшын қылмыстық құқығының ұлттық институты ретінде пайда болып,  XX  ғасырдың соңында  ол АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Бельгия, Нидерландта қолданылды. Сондай-ақ, ТМД елдерінде: Латвия, Молдова, Эстон және Грузияда қолданылады. Осындай танымалдықтың себебі пробация құқық бұзушының түзелуіне  және қылмыстардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттің бюджеттік қаражатын үнемдеуге бағытталған қылмыстық-құқықтық ықпал етудің ізгі және тиімді шараларына жатады.

    Англияда пробация институты «Алғаш рет сотталғандарды сынау туралы» Заңның қабылдануына байланысты 1887 жылы пайда болды.  Кейін шығарылған нормативтік актілердің арқасында («Қылмыскерлерді сынау туралы» Заңы 1907ж., «Пробация туралы қағида» 1965ж., Қылмыстық соттардың өкілеттіктері туралы заң 1973ж., Қылмыстық әділет туралы заң 1991ж.,) бұл институт ағылшын қылмыстық құқығында толықтай қалыптасты.

    Қылмыстық әділет туралы заң бойынша 16 жастағы және одан жоғары жастағы адамның заңда нақты жазасы белгіленген қылмысқа айыптау бойынша істі қарастыратын сот пробация туралы бұйрық шығара алады. Бұл ретте, қылмысты жасау жағдайлары, қылмыскердің жеке тұлғасы, пробацияны тағайындаудың орындылығы ескерілуі тиіс. Мәселен, Заң бойынша пробация туралы бұйрық шығару сот пробация шенеунігі тарапынан қылмыскерді бақылауда кінәліні қайта әлеуметтендеру не қоғамды қорғау үшін, не оның жаңа қылмыс жасауын алдын алу үшін «дұрыс» деген шешімге келген жағдайда мүмкін болады. Сотталған пробация режимінде болатын сынақ мерзімі алты айдан бастап үш жылға дейінгі мерзімді құрайды. Пробация туралы бұйрықта сотталғанның жақсы мінез-құлқын және жаңа қылмыс жасауын алдын алуды (тұрғылықты жері туралы, соттың белгілеуі бойынша басқа да талаптар) қамтамасыз ету үшін оның мінез-құлқына талаптар белгіленген.

    Пробация туралы бұйрық тек сотталушы осы талаптарға бағыну дайындығын білдірген кезде ғана шығарылуы мүмкін. Сот оған үкімде белгіленген талаптарды немесе жаңа қылмыс жасау салдарын түсіндіруі тиіс. Сотталушы келіспеген жағдайда ол анағұрлым қатал шараларға (түрмеге қамауға дейін) тартылуы мүмкін.

    Пенитенциарлық пробация құқық бұзушы түрмеге келген сәттен басталады, бірден «Босату жоспары» бойынша іс басталады. Бұл іске сотқа дейінгі баяндама енгізіледі, онда сотталғанның жеке тұлғасының, оның өмір салты, айналасындағылардың толық талдауы, оның өткен өмірін зерттеу және қылмыс жасауына ықпал ететін факторлар көрсетіледі.

    Пробация офицері нақты бағалау және босатылғаннан кейін қосымша құқық бұзушылықтарға әкеп соқтыруы мүмкін әлеуметтік және жеке проблемаларды анықтау және шешу бойынша жоспарды құрастыру үшін сот тағайындаған үкімнен кейін бірден түрмеге келеді.

    Түрменің әлеуметтік жұмыскері босатылғаннан кейін бейімделу кезінде қиындықтарды азайтуға мүмкіндік беретін қамаудағының әрбір проблемасы бойынша әрекет ету жоспарын әзірлеу үшін жауапкершілікте болады.

    Англияда қамаудағылар арнайы курстардан өтулері тиіс, оны әсер етуі арқылы қылмыс жасалған негізгі проблемаларды шешу үшін психологтар жасаған.

    Қамаудан босатылған уақытта сотталғандар мысалы тамақ дайындай алады, киім үтіктейді, терезені ауыстыру, сөре қоя алады. Мүмкін олар осы дағдыларды үйренуде ақылы жұмыс таппаса да бұл олардың өз отбасыларында пайдалы болуларына көмектеседі.

    Пробация қызметі жазаны орындауға, құқық бұзушыны оңалтуға, бақылауға және әлеуметтік оңалтуға бағытталған бірқатар санкцияларды орындауға бақылауды жүзеге асырады.

     Пробация қызметі жұмысының негізгі міндеттері сотталғанның мінез-құлқына бақылауды қамтамасыз ету, құқық бұзушының жеке тұлғасына «әлеуметтік зерттеуді» жүргізу, оларға әлеуметтік бейімделуге көмек көрсету болып табылады.

    АҚШ-та пробацияны тағайындау мүмкіндігі бас бостандығынан айыруға балама ретінде федерация және барлық штаттарының заңнамасымен көзделеді. Кейде пробация жазалар жүйесіне енгізіледі, себебі өзінің қаталдығы бойынша бұл шараның осындайлардың кейбірінен айырмашылығы болмайды. Ол өлім жазасына, өмір бойына немесе ұзақ мерзімге түрмеге қамаауға кесілген қылмыс үшін сотталған адамдарға қолданылады. Кейбір штаттаттарда қосымша: өткен өмірінде соттылығының болмауы, барлық сот шығындарын өтеуі, көзделген жазасы бас бостандығынан айырудың он жылдан аспауы жағдайлары бар.  

    Соңғы жылдары пробацияны бас бостандығымен бірге тағайындау үрдісі байқалады. Кейбір штаттардың қылмыстық кодексі бойынша, атап айтқанда Гавайя штатының қылмыстық кодексі қысқа мерзімді алты айға дейін бас бостандығынан айыру пробацияны ұсыну жағдайының бірі болуы мүмкін. Осылайша, мазмұны және қылмыстық-құқықтық шарасының мақсаты бойынша мүлде бөлек дүниені біріктіру  әрекеттері жасалуда.

    Америкалық құқық бойынша пробация қызметінің қызметкері арнайы қызметтермен бір ай ішінде бақылауды, сотталғанның жәбірленушіге  залалды  өтеу міндетін, оған жүзеге асырылатын бақылаудың құнын өтеуді, белгіленген қоғамдық жұмыстарды орындауды, есірткіге тестілеуді кезеңмен өтуді және оқуы немесе жұмысын тұрақты негізге жалғастыруды  көздейді.

    Сынақ мерзімі аяқталған соң жаңа қылмыс жасамаған және барлық талаптарды сақтаған сотталған үкім шарттарын орындаған болып табылады және қандай да бір міндеттемелерді орындаудан босатылады. Сотталғанға жүктелген міндеттемелерді себепсіз орындамаған жағдайда не қылмыс жасаған жағдайда сот пробацияның күшін жояды және бұрынғы қылмысы үшін үкім шығарады.

    АҚШ-та пробация қызметінің офицерлері сотқа дейін полиция қамауға алған сәттен бастап күдіктіге қатысты алдын ала зерттеуді жүргізеді: қылмыс жасағанға дейінгі жағдайды зерттейді және әрбір құқық бұзушы үшін үкімге (әлеуметтік баяндама) ұсыным жасайды (оларды сотқа берер алдында ұсынымдар құқық бұзушылармен және оның отбасыларымен талқыланады).

    Пробация қызметінің міндетіне адамға тағылған қылмыс жасау фактісін дәлелдейтін немесе жоққа шығаратын фактілерді, дәлелдерді жинау және бағалау жатпайды.

    Германияда жазаны орындаудың мерзімін шартты кейінге қалдыру ұғымы бар, оны мынадай жағдайларда сот ұсынуы мүмкін:

    1) бас бостандығынан айыру түріндегі тағайындалған жаза бір жылдан аспайды;

    2) «үкімін ескеру» сотталғанның мүмкіндігін сотпен айқындау және болашақта қылмыстық іс-әрекеттер жасамау бұл жазаны орындауды қажет етпейді.

    Шартты кейінге қалдыру барлық жазаға жатады және оның бір бөлігімен шектелмейді.

    Жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыруды тағайындау кезінде сот айыпталушының жеке тұлғасын, оның өткен өмірін, қылмысты жасау жағдайларын, қылмыс жасағаннан кейінгі мінез-құлқын , өмір жағдайларын, жазаны кейінге қалдыруды ұсыну салдарын ескереді. Заң, сотқа ерекше жағдайларда, айрықша жеңілдететін мән-жайлар кезінде одан да қатал жазаны орындауды кейінге қалдыру: екі жылға дейін бас бостандығынан айыру құқығын береді.  

    Жазаны кейінге қалдыруды ұсына отырып сот сынақ мерзімін белгілейді, ол екі жылдан бес жылды құрауы мүмкін. Бұндай мерзімді сот мерзімі өткенге дейін барынша азайтуы (екі жылға дейін) немесе барынша көбейтуі (бес жыл) мүмкін.

    Сот сотталғанға міндеттерді орындауды жүктеуге құқылы, бұл ретте Германияның Қылмыстық кодексінде көрсетілгендей сотталғанға орындай алмайтын талаптар қойылмайды. Германияның Қылмыстық кодексіне сәйкес сот кінәлі адамға қылмыстық теріс қылықпен келтірілген залалдың орнын толтыру, қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындау және т.б. сияқты міндеттерді орындауды жүктеуі мүмкін. Міндеттерді жүктеумен қатар, сот қажетті жағдайларда сотталғанға: келу орны, жұмысы, демалысы; сотқа немесе басқа мекемеге белгілі уақытта келуі туралы; белгілі бір адамдармен қарым-қатынас жасауға тыйым салу туралы; қылмыс жасауда пайдаланылуы мүмкін заттарды сақтауына тыйым салу туралы және т.б. туралы «нұсқаулар» береді. Бұндай «нұсқаулар» емделу немесе мамандандырылған мекемеге орналастыру ретінде сотталғанның келісімімен берілуі мүмкін.

    Сынақ мерзімі кезеңінде сот сотталғанды арнайы көмекшінің бақылауына жібереді, ол кінәлі адамның міндеттерді және нұсқауларды орындауын бақылайды, сотқа оның өмір салты туралы, жүктелген міндеттерді, нұсқауларды, ұсыныстарды және уәделерге қатысты өрескел және жүйелі бұзушылықтары туралы тұрақты негізде хабарлайды. Көмекшіні сот тағайындайды және өз қызметін жұмысы бойынша не қоғамдық бастамаларда жүзеге асырады.

     Сынақ мерзімі кезеңінде жаңа қылмыстық әрекеттер жасаған не нұсқауларды өрескел және жүйелі бұзған, көмекшінің бақылауынан жалтаруы немесе міндеттерді орындамауы жағдайларында сот жазаны кейінге қалдырудың күшін жояды. Егерде бұндай күшін жою орын алмаған болса, адам қандай да бір жазадан босатылады.

    Болгарияда пробация қызметінің негізгі жұмысы жалпы басшылық жасау және жазаны орындауды бақылау болып табылады.

     Болгарияның ұлттық пробация қызметі мынадай функцияларды орындайды:

    жазаны орындау;

    шартты сотталғандарды бақылау;

    шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандарды бақылау;

    сот сұрауы бойынша сотқа дейінгі баяндаманы жасау.

     

    Грузияда  пробация институты 2003 жылдан бастап жұыс істейді, ал 2010 жылдан бастап Пробацияның ұлттық агенттігі атауына ие. Пробация ұлттық агенттігін Жазаларды орындау, пробация және заң көмегі министрлігі басқарды.

    Пробация ұлттық агенттігі мынадай функцияларды орындайды:

    белгілі бір лауазымды атқару құқығынан айыру немесе белгілі бір қызметпен айналысу лицензиясынан айыру түріндегі жазаны орындау;

     заңды тұлғаны  белгілі бір қызметпен айналысу лицензиясынан айыру түріндегі жазаны орындау;

    қоғамдық жұмыстар түріндегі жазаны орындау;

    түзеу жұмыстары түріндегі жазаны орындау;

    шартты сотталу туралы үкімді орындау;

    шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы сот шешімін орындау;

    үкімді орындауды кейінге қалдыру туралы сот шешімін орындау (жүкті әйелдер немесе бес жасқа дейінгі балалары бар әйелдер үшін).

     Нидерландта  пробация қызметі прокуратура немесе соттың тапсырмасы бойынша (зерттеуде нақты адамға шартты соттауды қолдану мақсаттылығы мен әділеттігі туралы қорытынды, сондай-ақ сотта сотталушыға көмек көрсету маңызды) құқық бұзушының жеке тұлғасына алдын ала және әлеуметтік зерттеулер жүргізеді.

    Сотталғандарды босатылуға және қоғамда бейімделуге дайындау үшін түрме әкімшілігімен, сотталғандармен, олардың отбасыларымен және жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасасу арқылы жұмыс істейді.

      Сотталғандардың босатылғаннан кейін тұрмыстық және жұмысқа бейімделуіне жәрдемдесу үшін түрменің тиісті қызметтерімен байланысты орнатады.

    Сотталғандарды босатылуға дайындау үшін оларға түрмеге барады және түрмеге қамалған кездегі тәрбиелік ықпал етуді үзіліссіз жалғастыруды жүзеге асыруға бақылауды жоспарлайды.

    Молдова Республикасында пробация қызметі қылмыстық заңмен қарама-қайшылықтағы адамның психоәлеуметтік портретін жасайды.

    Психоәлеуметтік проблемаларды шешу процесін жеңілдету мақсатында қылмыстық заңмен қарама-қайшылықтағы адамға қатысты қолданылатын негізгі іс-қимылдарға қатысты сот инстанциялары үшін ұсыныс дайындайды.

    Сотқа қылмыстық заңмен қарама-қайшылықтағы адам, оның отбасы және әлеуметтік ортасы туралы ақпарат ұсынады.

     Пенитенциарлық пробация процесінде (босатылуға дайындық алдында) сотталғанға қатысты азаматтық, әдеп және адамгершілік тәрбие, кәсіби оқыту, тәрбиелік жұмыс бойынша бағдарламалар әзірленеді және пайдаланылады.

    Пробация органдары пенитенциарлық мекемелердің әкімшілігімен ынтымақтаса отырып:

    жұмыс күші нарығының талаптарына сәйкес кәсіби дайындық, қайта даярлау және біліктілікті арттыру үшін жағдайлар жасау мақсатында мамандандырылған мекемелермен алдын ала байланыстарды орнатуға;

    сотталғандарға бос орындар және тиісті жұмыс орнын таңдау туралы шынайы ақпараттар ұсыну үшін оларға халықты жұмыспен қамту бюросына (орталығына) тіркелуіне жәрдемдесу үшін халықты жұмыспен қамту агенттіктерімен алдын ала байланыстарды орнатуға;

    туыстары немесе басқа әлеуметтік байланыстары жоқ адамдардың өтініші бойынша тұрғын үйді жалдауды жеңілдету үшін мамандандырылған агенттіктермен байланыстарды орнатуға;

    қарт адамдардың және мүгедектердің өтініштері бойынша әлеуметтік мекемелерге белгіленуге жәрдемдесу үшін мамандандырылған агенттіктермен байланыстарды орнатуға;

    бас бостандығынан айыру орындарынан босатуға жататын адамдарды әлеуметтік бейімдеудің қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді бағдарламаларын әзірлеуге және жетілдіруге көмектеседі.

     

     Швецияда  пробация қызметінің қызметкерлері бас бостандығынан айыруға сотталғандармен олардың әлеуметтік бейімсізделуінің алдын алу бойынша жұмыс жасайды.

    Әсіресе,  бұл жұмыс алдағы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуға дейін үш ай бұрын күшейе түседі:

    қамаудағыларға сыртқы ортамен байланысты ұстануға көмек береді;

    сотталғанның кепілге тапсырған заттарына қамқор болады;

    адвокаттармен байланысты орнатады.  

    Сотталғанды пенитенциарлық мекемеден босатылғаннан кейін отбасын сақтап қалу, оны тұрғын үймен және жұмыспен қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар өткізеді.

    Пробацияның негізгі қызметі оларды босатылғаннан кейін әлеуметтік бейімдеуге дайындау болып табылады.

    Норвегияда шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін пробация мерзімінің ұзақтығы бас бостандығынан айыру мерзімінің өтелмеген бөлігін құрайды. Бұл ретте, пробация қызметтеріне және түрме әкімшілігіне сотталғанның шартты түрде мерзімінен бұрын босатылар алдында қажетті дайындықтарды өткізу міндеттілігі жүктеледі. «Жазаларды орындау туралы» Заңға сәйкес тұру жағдайлары және өзге де әлеуметтік көмек нысандарына қатысты жәрдемдесе алатын мемлекеттік қызметтермен және жеке ұйымдармен байланысты орнатулары тиіс. Бұл ретте, босатылар алдында түрме әкімшілігі пробация қызметімен бірлесіп сотталғанды жұмысқа орналастырумен айналысады. Мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақша қаражаттары есебінен босатылатындарды персоналды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы жүзеге асырылады.

    Сотқа айыпталушының өмірлік жағдайын, оның әлеуметтік мәртебесін, жеке тұлғаның психологиялық ерекшелігін, жаңа қылмыстар жасауын бағалау арқылы нақты жазаны таңдау ретіндегі бұндай функциялар Данияның, Финляндияның, Норвегияның, Эстонияның, Латвияның пробация қызметтерімен жасалады.   

    Пробация қызметі көп жылғы тарихы бар шет елдердің тәжірибесін зерделеу осы қызметтің құрылымын құруда үлкен айырмашылықтар тудырады.

    Пробация қызметінің бақылауында тұрған сотталғандар санаты да әртүрлі – бұл шартты сотталғандар, үкімді орындау мерзімі кейінге қалдырумен сотталғандар, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғандар, оның ішінде қарқынды бақылаумен (электронды мониторинг). Кейбір елдерде пробация қызметі қоғамдық және түзеу жұмыстары түріндегі жазаларды орындайды.

    Қызмет құрылымын құрудағы айырмашылық  мемлекеттік басқару органдарының құрылымындағы өзгешеліктермен, құқықтық дәстүрлер және жаза түрлерімен түсіндіріледі.  


     

    11. Заң жобасын іске асырумен байланысты болжанатын қаржылық шығыстар

    Бұл заң жобасын қабылдау қосымша қаржы шығынын талап етпейді, шығындар қылмыстық-атқару жүйесінің ішіндегі штат бірліктерін және қаржы қаражатын қайта бөлу есебінен өтелетін болады.